Оқиға

Қырғыз-тәжік шекарасында тағы да атыс болды

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында атыс қаруы қолданылған кезекті оқыс оқиға тіркелді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары Баткен облысының Бұлақ-Башы шекара аймағында тағы да бір-біріне қарсы қару қолданды. Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы әзірше мәлімет жоқ.
Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ұсынған мәлімет бойынша, қақтығысқа Баткен облысының Бұлақ-Башы ауданында Тәжікстан Республикасының шекара жасағының пайда болуы себеп болған.
Тәжік сарбаздары қос тараптың арасында бұған дейін жасалған келісімдерді бұзып, мемлекеттік шекараның белгіленбеген учаскесінде жауынгерлік позицияға жайғасқан, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
"Қырғыз тарапының аумақтан кету туралы заңды талабын елемей, тәжік шекарашылары қарсы оқ атқан. Бұған жауап ретінде Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің шекарашылары да қару қолданды. Екі тараптың шекара жасақтары арасында атыс басталып, оқиға барысында тәжік тарапы минометтер қолданды", - деп хабарлады Қырғызстан шекара қызметі.
Сағат 09:30-дағы мәлімет бойынша, атыс біресі тоқтап, біресе қайта басталып жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, қырғыз тарапынан қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Баткен шекара жасағының басшысы оқиға орнына аттанды. ҚР МҰҚК Шекара қызметі Баткен облыстық басқармасының басшысы Кыялбек Толонбаев пен ТР МҰҚК Шекара әскері Соғды облыстық басқармасының басшысы Х.Пиракзода қақтығыстың өршуіне жол бермеу бойынша телефон арқылы сөйлесті.
Тараптар кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.