Қазақстанда инфляция 2023 жылы 7,5-9,5%-ке дейін төмендейді – Ұлттық банк

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның Ұлттық банкі келесі жылы инфляцияның баяулауын болжап отыр.
"Алдағы уақытта инфляция 2023 жылдың соңына қарай 7,5-9,5%-ке дейін біртіндеп бәсеңдейді деп күтілуде. Төмендеу үрдісі күшейеді, ал 2024 жылдың соңына қарай инфляция 5,5-7,5% деңгейінде болады деген болжам бар", - деді Ұлттық банктің ақша-несие саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявский.
2022 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 16-18% деңгейінде болжанып отыр.
"Қысқа мерзімді келешекте инфляция 2023 жылдың ақпанында ең жоғарғы деңгейіне жетіп, екі таңбалы мәнде сақталады. Бұл базалық инфляцияның сақталуын және бірқатар азық-түлік тауарының, сондай-ақ импорттық үлесі жоғары азық-түлік емес тауарлардың бағасының өсуін көрсетеді", - делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Ұлттық банктің болжамы бойынша, 2022 жылы Қазақстандағы экономикалық белсенділіктің қарқыны 2,5-3,5% аралығында болады. 2023 жылы жалпы белгісіздік деңгейінің төмендеуі аясында Қазақстан экономикасының өсімі 4-5%-ке дейін үдейді. Ішкі сұраныс экономикалық белсенділіктің қозғаушы күші ретінде әрекет етеді де, ол фискалдық импульспен қосымша ынталандырылады.
Сондай-ақ, Ұлттық банкте атап өткендей, елдегі мұнай өндірудің ұлғаюына байланысты экспорт ЖІӨ өсімінің факторына айналады.
Әлемдегі күрделі геосаяси жағдай Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері болжамдарының алғышарттарына жоғары белгісіздік енгізуді жалғастырып жатыр. Бұл инфляцияның болжамды мәндерінен жоғары деңгейде ауытқу тәуекелдерінің сақталуына әкеледі, деп жазылған хабарламада.