Жамбыл облысында 7 жыл бұрын жасалған ұрлық ашылды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысында 7 жыл бұрын жасалған ұрлық ашылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
2015 жылы полицияға Шу қаласының 32 жастағы тұрғыны арыз жазған. Әйел белгісіз адамдардың терезені сындыру арқылы үйге жасырын түрде кіргендігі және алтын зергерлік бұйымдарын, 2000 доллар ақшасын, екі қару мен оқ-дәрілерді ұрлап кеткендігі туралы хабарлаған.
Аталған деректі полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188 және 291-баптары бойынша тіркеді.
Осы жылдар ішінде қылмыскерлерді ұстау бойынша жедел шаралар тоқтатылған жоқ.
7 жылдан кейін полиция қызметкерлері қабылданған шаралардың нәтижесінде Шу ауданының 37 жастағы тұрғынының қатысы барын анықтады.
Күдіктінің айтуынша, олар досымен бірге алдын ала сөз байласып, 2015 жылдың наурыз айында қылмыс жасаған. Олар ұрлаған заттарды жеке бастарының қажеттіліктеріне жұмсаған, ал қаруды ескі қарыздары үшін танысына берген.
Сондай-ақ, оның серіктесінің бірнеше жыл бұрын қайтыс болғандығы белгілі болды. Осы дерекке қатысты Шу ауданының полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеуді бастады. Аталған қылмысты жасағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.