НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik. Қостанай облысындағы өрттен кейін облыста жануарлар мен құстардың өлекселері табылды. Оның ішінде 30 бас ірі қара мен 105 шошқа бар. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасы хабарлады.
Қостанай облысының ветеринария басқармасының басшысы Ақат Шектібаев Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарында болған орман өрт салдары туралы айтты.
"Жануарлар мен құстардың өртенген өлекселері табылды: ірі қара - 30 бас, ұсақ мал - 2 бас, шошқа - 105 бас, құстар - 130 бас", - деп жазды kstnews.kz сайты Шектібаевқа сілтеме жасап.
Қостанай облысында ірі табиғи өрт 2-10 қыркүйек аралығында болды. Жалын 43 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Салдарынан екі елді мекендегі 91 үй зақымданды. Өрт басталғаннан бері барлығы 2 091 адам қауіпсіз жерге көшірілді.