НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек - Sputnik. Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай Ақтөбеден Орал мен Ташкентке жаңа бағыттарды ашуды жоспарлап отыр.
Әуежай өкілдері ұсынған мәлімет бойынша, 2022 жылдың 1 қарашасынан бастап Ақтөбеден Оралға сейсенбі және сенбі күндері ұшуға болады.
"Енді Ақтөбеден Оралға ұшуға болатынын қуана хабарлаймыз. Орал тарихта ерекше орынға ие, мұнда ұлы істер осы жерден бастау алды, қалаға танымал тұлғалар келген. Қала шағын болғанымен, мұнда уақытты қызықты және пайдалы өткізуге арналған орындар жеткілікті", - деді "Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы" АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиев.
Оның айтуынша, Ташкентке рейстерді 1 қарашадан бастап апта сайын сейсенбі күндері де жүзеге асыру жоспарланып отыр.
"Келіссөз жүріп жатыр, жақын арада бәрі белгілі болады. Ташкент - Өзбекстанның бас қаласы, оның тарихы 2000 жылдан астам уақытты қамтиды. Ол Орталық Азиядағы ең ірі және Ұлы Жібек жолында орналасқан ең көне қалалардың бірі", - деді Малиев.
Еске салсақ, Ақтөбе әуежайы қазір бес әуе компаниясының 12 бағыты бойынша жолаушылар рейсін орындап жатыр. Жыл соңына қарай бағыттардың саны 14 бағытқа дейін артады.
"2022 жылы Анталияға рейс саны аптасына 6-ға дейін, Мәскеуге аптасына 4 рейске дейін ұлғайтылды. Шілдеде Бакуге тұрақты рейстер ашылды. 19 қазаннан бастап Таиландтың Пхукет аралына, 24 қазаннан бастап Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубайға рейстер іске қосылады", - деп қорытындылады Малиев.