НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында дала өртін сөндірген өрт сөндірушілерді марапаттады, деп хабарлайды Ақорда.
Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі бойынша ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен:
Тоғызбаев Айдос Ерұланұлы (марқұм) - Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 14 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі;
Тұрлыбеков Амангелді Айтмұхашұлы - Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 14 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі;
"Ерлігі үшін" медалімен:
Нұрлан Сәлімжан - Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 14 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі марапатталды.
Еске салсақ, 7 қыркүйекте Абай облысы Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округіне қарасты Бірінші ауылының учаскесінде құрғақ шөп өртенді.
Өрт сөндіру кезінде желдің бағыты өзгеріп, тілсіз жау автоцистерна мен жүк көлігіне қарай шарпыған. Ақырында техника өрттің қоршауында қалды. Автоцистерна мен КамАЗ толығымен жанып кетті. Эвакуация кезінде өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков, жүргізуші Айдос Тоғызбаев пен өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Сәлімжан түрлі дәрежеде күйік алып, ауруханаға жеткізілді.
Алайда 36 жастағы Айдос Тоғызбаев алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.
Марқұм азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бастап қызмет еткен. Артында әйелі мен бес баласы қалды.