НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Әлеуметтік желі қолданушылары Қызылорда облысының Арал ауданында түсірілген видеоны қызу талқылап жатыр. Кішкентай қыздың тәттіге қақалған бес жасар інісін құтқарған сәті үйде орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Аулада ойнап жүрген бес жасар Абзалдың тамағына мармелад тұрып қалған. Баланың тынысы тарылып, тұншыға бастайды. Осы сәтте әпкесі Аружан оған көмекке жүгіреді.
Алдымен ол інісінің арқасынан ұрады. Бірақ еш нәтиже болмаған соң, оны екі қолымен көтеріп, төмен қарай еңкейтіп, сілкілей бастайды. Сөйтіп тәттіні сыртқа шығарады.
Желі қолданушылары қыздың тапқырлығына тәнті болып жатыр.