Министр Алматы студенттерінің жатақхана мәселесін шешуге уәде етті

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерге арналған жатақханалардағы орын тапшылығына қатысты сұраққа жауап берді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Алматыға оқуға келген, бірақ жатақханадан орын таба алмай жүрген студенттер мегаполистегі хостел мен қонақүйлерге орналастырылады, онда бос орындар жеткілікті, деп хабарлады ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Ірі қаладағы жатақхана мәселесі туралы министр "Қазақстан" ұлттық телеарнасындағы "Жедел желі" бағдарламасының эфирінде айтты.
"Қазіргі уақытта бос немесе жартылай бос тұрған барлық қонақүймен және хостелдермен келісімшарттар жасалып жатыр. Осылайша жатақханаға орналаса алмайтын студенттерге айына 20-25 мың теңге жеңілдікпен хостелдерде тұру мүмкіндігін ұсынамыз", - деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар, оның айтуынша, оқу жылының басында Алматыда Satbayev University жатақханасында орналасқан арнайы штаб құрылды.
"Бірінші курс студенттері, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттер, сондай-ақ жалдауға пәтер таба алмай, қиын жағдайға тап болған студенттер штабқа хабарласа алады. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Біз мұндай мәселелерді тез арада шешуге тырысамыз", - деді ғылым және жоғары білім министрі.
Ол қиын жағдайға тап болған студенттердің барлығы жатақхана немесе қонақүйлерге орналастырылатынын айтты.