НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Павлодар тұрғыны оңай олжаға кенелемін деп 12 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
53 жастағы ер адам полицияға алаяқтық туралы арыз жазды.
Жәбірленушінің айтуынша, оған белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін танымал ірі компаниялардың бірінің менеджерімін деп таныстырған. Қаскөй инвестиция саласындағы консультант атын жамылып, қор нарығындағы өте тиімді ұсыныстар жайлы айтқан. Содан кейін қосымша табыс табу үшін ақша аударуды ұсынған.
Жеңіл жолмен пайдаға кенелуді ойлаған қала тұрғыны 12 млн теңгеден астам кредит алып, алаяққа аударып жіберген. Алайда осыдан кейін "компания менеджері" биржа жабылып қалды деп ер адамды алдап кеткен.
Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау үшін жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.