Өңірлер

Маңғыстаудағы кен орнының жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп отыр

Еңбек дауын жұмыс берушімен шеше алмаған қызметкерлер Қазақстан президентіне бейнеүндеу жолдады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. "Тасболат Ойл Корпорэйшн" ЖШС қызметкерлері кәсіпорын басшылығынан жалақыны 100%-ке көтеруді талап етті.
Әлеуметтік желіде "Тасболат Ойл Корпорэйшн" ЖШС жұмысшыларының Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеуі жарияланды. Олар президенттен компания қызметкерлері мен басшылық арасындағы еңбек дауына араласуды өтінді, деп хабарлайды lada.kz порталы.
Кәсіпорын жұмысшылары айлықты 100%-ке көбейтуді талап етіп отыр. Қазір кен орнында жалақы орташа есеппен 300 мың теңгені құрайды.
"Мұндай соманы егер сен 12 сағат немесе түнгі ауысымда істесең ғана төлейді. Егер әдеттегі жұмыс күні болса, бүкіл салықты ұстайды, сонда қолға 240-250 мың теңге ғана аласың. Бұл ақша жетпейді. Ақшаның жартысы отбасын асырауға кетеді, одан бөлек коммуналдық қызмет ақысы, балалардың киімі бар, көбі кредит төлейді. Көптеген отбасы – көпбалалы, зейнеткерлерге қарайды", - дейді кен орны жұмысшыларының бірі.
Оның айтуынша, қызметкерлер кәсіпорын басшылығына өз талаптарын 25 шілдеде қойған, бірақ бітістіру комиссиясының отырысында жұмыс беруші жалақыны көтеруден бас тартқан.
"Қыркүйектің басында біз энергетика министрлігіне хат жолдадық. Үш жақты комиссия құру үшін облыстық кәсіподаққа жүгіндік. Президент осы жағдайға араласуы үшін оған бейнеүндеу жолдап отырмыз", - дейді ол.
Айтуынша, кәсіпорында ереуіл әлі болмаған: 165 адамның бәрі жұмысқа тұрақты түрде шығып жүр. Бірақ егер мәселе шешілмесе, жұмысшылар мұндай қадамға баруға дайын. Ал әзірге олар компания басшылығы қызметкерлердің талабына құлақ асады деген үмітте.