НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Есірткінің заңсыз айналымымен және сатумен айналысқан ер адам 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі ҰҚК-мен бірлесіп Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында Қазақстан аумағына есірткі жеткізіп, таратумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесу үшін арнайы операция жүргізген болатын.
Топ мүшелері мал азығына оралған кезекті халықаралық сәлемдемені алып жатқан жерінен ұсталды.
Барлығы 7 келіден астам марихуана мен мефедрон тәркіленді. Сот шешімімен тәркіленген есірткі заттары жойылды.
Ал арнайы операция кезінде ұсталған азамат 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Агенттік қазақстандықтардың денсаулығына зиян келтіретін қылмыстарды анықтау және жолын кесу бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.