НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Жекеменшік балабақшада түсірілген видеоны қазір Түркістан облыстық полиция департаменті мұқият тексеріп жатыр, деп хабарлайды Отырар.
Қазіргі таңда тәрбиешісі жұмыстан шеттетілді.Шардара аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің тарапынан сол бесінші қыркүйек күні №234 сандық хатпен Шардара аудандық полиция бөліміне тиісті хат жолданды
"Шардара АПБ-ға "Ватцап" мессенджерінде белгісіз әйел, жас баланы қатаң тәртіпте тәрбиелеп отырған бейнежазба бойынша хабарлама келіп түсті. Тәртіп сақшылары аталмыш бейнежазбаны тексеру барысында, оқиғаның 1 қыркүйек күні Түркістан облысы Шардара қаласындағы балабақшалардың бірінде орын алғанын анықтады. Аталған жайт Шардара аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Балабақша тәрбиешісіне қатысты "ешқайда кетпеу туралы қолхат" қолданылды. Қазіргі уақытта Шардара аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтауда",- дейді Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі.
Бұл видео әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Оқиға Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде орын алған. Кадрларда тәрбиеші баланы ұрып-соғып, оған айқайлап жатқаны байқалады.
Шардара аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің мамандары видеодағы балабақша тәрбиешісі екенін айтты. Алайда тергеу құпияларына байланысты аты-жөнін жариялаған жоқ.