Қостанай облысының экожүйесін қалпына келтіру үшін 70-150 жыл қажет – экологтар

Экология министрлігі шығынды есептеуді бастау үшін өрттің толық жойылуын күтіп отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Қостанай облысының экожүйесін қалпына келтіру үшін кем дегенде 70 жыл қажет дейді эколог мамандар.
Қостанайлық биологтардың айтуынша, далада қылқан жапырақты ормандар сирек кездеседі. Мұнда Қызыл кітапқа енген көптеген құс мен аң мекендеген. Өрт салдарынан мұның бәрі күлге айналып, жасыл массивтің тіршілік иелері тірідей жанып кетті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
"Бұлан, елік, жыртқыш сүтқоректілер сияқты құнды аң-жануар қырылды. Аманқарағай орманында құстың сирек кездесетін түрі ұя салған болатын. Бұл жалпы биологиялық алуантүрлілік үшін үлкен шығын", - дейді биология ғылымдарының докторы Татьяна Брагина.
Топырақты қалпына келтіру үшін бірнеше жыл қажет, содан кейін ғана жаңа көшеттерді отырғызуға болады. Осылайша, ағаштарды қалпына келтіру үшін 10-15 жыл қажет. Бірақ мамандар жануарлардың өзі және сирек кездесетін аң-құс жаңа орманға жылдам оралмайтынын айтты.
Бұл аймақта соңғы рет ірі өрт 2004 жылы болған. Ол кезде 3 мың гектар жасыл желек жанып кетті. Осыдан 18 жыл бұрын отырғызылған ағаштар әрең бой көтергенде, ауқымы он есе үлкен тағы өрт болды.
Экологиялық сарапшы Сәкен Ділдахмет өртке байланысты туындаған мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, орман шаруашылығы жергілікті атқарушы органдардың балансында болғандықтан мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды.
"Материалдық-техникалық база ескірген, сондықтан орман шаруашылығы өртке төтеп бере алмады. Өйткені оларда өртті сөндіруге, өртті анықтауға қажетті құрал-жабдықтар жоқ. Екіншісі - төмен жалақы. Мысалы, әрбір орманшы орта есеппен 50-60 мың теңгеден алады. Осындай жалақыға өмір сүріп көріңіз. Браконьерлер, жаздағы өрт, жабайы аңдар үлкен қауіп болып саналады. Үшіншіден, бүгінде кадрлар қалмады деуге болады", - дейді сарапшы.
Келтірілген шығын барлық өрт толық сөндірілгеннен кейін есептеліп, ретке келтіріледі, деп хабарлады экология министрлігіндегілер.
"Қазір біз өртті толығымен сөндіруге көмектесетін жаңбыр жаууын күтіп отырмыз. Барлығы толығымен сөндірілгеннен кейін, шамамен бір ай, мүмкін одан аз уақыт түтіннің толығымен басылуын күту керек. Содан кейін ғана өрт болған аумақты толығымен тазарту қажет", - деді экология министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Олжас Беркінбаев.