НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы облысында далада шөп өртегені үшін ұсталған ер адамның өрт сөндіруші болып істейтінін растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
YouTube желісінде "МЧС поджигает Казахстан. Установлена личность поджигателя из Алматы" деген бейнеролик тарады. Онда өрт қойғандардың біреуі Жанат Өтеулиев өртке қарсы қызметте істейтіні туралы айтылады. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл ақпаратты растады.
"Ол - Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің 5-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, аға өрт сөндіруші, азаматтық қорғау сержанты, 1983 жылы туған Жанат Ерғалиұлы Өтеулиев. Азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдан бастап қызмет атқарады", - делінген ресми хабарламада.
Министрлік ұсталған ер адамның видеосын да таратты. Ол Ұзынағаштан жаяу шығып, түнде тоңғандықтан, от жақтым деп ақталып отыр.
"Мен мас болғандықтан, құрғақ шөп жақтым. Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Ешкім жақ деп айтқан жоқ. Бұл ішімдік кесірінен болған. Мен Қазақстан елінен, әріптестерімнен кешірім сұраймын. Елде болып жатқан басқа өрттерге қатысым жоқ", - дейді Өтеулиев.
Айта кетері, Өтеулиев кеше Алматы облысы Жамбыл ауданында ұсталды. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы, 1-бөлігі ("алкогольдік ішімдік iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу") және 505-бабының 1-бөлігі ("қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру") бойынша жауапқа тартылды.
Осылайша, мас болғаны үшін 15 900 теңге көлемінде айыппұл, ал жасыл желекті жою және бүлдіру үшін ескерту беріледі. 20 айлық есептік көрсеткіш (63 600 теңге) көлеміндегі айыппұл салынуы да мүмкін.