Абай облысында өрт сөндіруші қаза тапты – оқиғаның мән-жайы

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Абай облысындағы дала өрті кезінде құтқарушы қатты күйіп, ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 7 қыркүйекте сағат 13:35-те Абай облысы Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округіне қарасты Бірінші ауылының учаскесінде құрғақ шөптің жанғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына 22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілді. Құтқарушылар бірден өртті сөндіруге кірісті.
Өрт сөндіру автоцистернасы КАМАЗ-дан су алып жүрген. Кезекті рет барып, су құйып жатқанда желдің бағыты өзгерді. Тілсіз жау автоцистерна мен жүк көлігіне қарай шарпыды. Ақырында техника өрттің қоршауында қалды. Ағаш жанып, жалын екі метрге дейін көтерілді.
Өрт сөндірушілер эвакуациялануға шешім қабыдады. Автоцистерна мен КАМАЗ толығымен жанып кетті. Эвакуация кезінде өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков, жүргізуші Айдос Тоғызбаев пен өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Салимжан түрлі дәрежеде күйік алып, Шар қалалық ауруханасына жеткізілді.
"Айдос қатты күйік алып, алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев қаза тапқаннан кейін ІІІ дәрежелі "Айбын" мемлекеттік наградасына ұсынылды", - дейді депаратмент мамандары.
Айдос 36 жаста болған. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бастап қызмет етті. Артында әйелі мен 5 баласы қалды.
Жарма ауданындағы өрт 500 гектарды шарпыды. Оны бүгін сағат 5.40-та өшірді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.