НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин қазан айында Азиядағы сенім және ынтымақтастық шаралары кеңесі мен ТМД саммитіне қатысу үшін Нұр-Сұлтанға келеді.
Бұл туралы РФ президентінің халықаралық істері жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков айтты, деп хабарлайды РИА Новости.
"12-14 қазан аралығында Владимир Путиннің Азиядағы сенім және ынтымақтастық шаралары кеңесі мен ТМД саммитіне қатысу үшін Нұр-Сұлтанға сапары жоспарланған", - деді Ушаков.
Оның айтуынша, Қазақстанға сапары барысында Путин "Ресей – Орталық Азия" кездесуін өткізеді деп күтілуде.
Бұған дейін Қазақстан және Ресей президенті 19 тамызда Сочиде кездескен еді. Сол кездесуде мемлекет басшылары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуына көңілдері толатынын атап өтті.