Қазақстанда тағы бір демалыс күні пайда болады

Қазақстандықтар енді 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні демалмайды, есесіне 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні демалыс күні болады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда 25 қазан ресми түрде ұлттық мереке – Республика күні болып белгіленеді. Тиісті заң жобасын парламент мәжілісі бүгін жалпы отырыста мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мерекелерге қатысты түзетулер "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында көзделген.
Депутаттар 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тастауды ұсынды. Бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер секілді аталып өтеді. Сәйкесінше, қазақстандықтар 1 желтоқсанда демалмайды.
Сондай-ақ 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеу қарастырылған. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, енді қазақстандықтар 25 қазан күні демалады. Салтанатты шаралар осы күні көбірек өтеді. Ал 16 желтоқсан еске алу күніне айналады.

Егер сенат заңды қабылдап, президент қол қойса, бұл демалыс күні болады. Ол енді ұлттық мереке деген мәртебе алады ғой. Сол себепті демалыс болады. Биыл қабылдап үлгеретін шығар.

Дәурен Абаев
ҚР Мәдениет және спорт министрі
Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын бірауыздан мақұлдап, сенатқа жолдады.