Педагогтердің жалақысы келесі жылдан бастап тағы 25 процентке өседі

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек - Sputnik. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектеп пен колледж мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25 процентке өседі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 процентке көтеріліп келеді.
"Мұғалімдер жалақысының жыл сайынғы өсуі оң әсер етіп отыр. Үздік түлектер мұғалімдік қызметке келе бастады. Талапкерлердің ҰБТ-дағы орташа балы айтарлықтай өсті, педагогикалық мамандықтарға түсетін "Алтын белгі" иегерлерінің саны бірнеше есеге артты", - деді Білім министрлігі қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.
Мұғалімдердің еңбекақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігіне, еңбек өтіліне, магистр дәрежесіне және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептеледі.
Жалақыға біліктілік санаты (лауазымдық жалақысының 30%-нен 50%-ке дейін), магистратураға, пәндерді ағылшын тілінде оқытқаны үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі мен тәлімгерлік қызметі үшін қосымша ақы да белгіленеді.
Сондай-ақ, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секциясын өткізгені үшін ай сайынғы қосымша ақы төленеді.