Конституциялық соттың ерекшелігі неде – мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Парламент мәжілісі "Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы" Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, Конституциялық сот биліктің сот тармағына жатпайды. Ол елдің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады.
Конституциялық соттың құзыреті Конституцияның 72-бабымен тікелей реттеледі.
"Мәселен, Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру жатқызылған. Яғни, Конституциялық кеңестің барлық қолданыстағы функциясы Конституциялық сотқа берілді", - деді Мусин мәжілістің жалпы отырысында.
Бірақ, оның айтуынша, ең маңыздысы, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық сот азаматтардың өтініші бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестігін қарайды.
Сондай-ақ Конституциялық сотқа бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл де жүгіне алады.
"Қазіргі таңда Азаматтық-процестік кодекске сәйкес, нормативтік-құқықтық актілердің заңдылығын жалпы соттар да тексереді. Бірақ Конституциялық сотың ерекшелегі – жалпы соттар нормативтік-құқықтық актіні тек қана заңға сәйкестігін қарайды, ал Конституциялық сот нормативтік-құқықтық актіні заңға емес, Конституцияға сәйкестігін қарайды. Жалпы соттарда тек қана нормавтивтік-құқықтық актілерді тексеруге болады, ал Конституциялық соттарда одан басқа да заңдарды тексеруге мүмкіндік бар", - деп түсіндірді министр.
Жалпы, Конституциялық соттың өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы сот ісін жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшеленеді. Конституциялық соттың өтініштерді қарау тәртібі бес кезеңнен тұрады.
Сондай-ақ Конституциялық соттың судьялары мәртебесі Конституциямен айқындалатын жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар болады.
Заң жобасында Конституциялық сот судьяларын тағайындау және олардың өкілеттігін тоқтату тәртібіне байланысты мәселелер егжей-тегжейлі реттелген. Олардың тәуелсіздігі мен кепілдіктері де бекітілген. Конституциялық сот судьяларының жоғары мәртебесін ескере отырып, оларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі нормалар енгізілген. Атап айтқанда, Сот жүйесі туралы Конституциялық заңға ұқсас Конституциялық сот судьяларының отставкаға шығу институтын енгізу ұсынылады.
Мәжіліс Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.