"Енді құрылыс материалдары керек": Әулиекөл ауданы азық-түлік қабылдауды тоқтатты

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Қостанай облысы Әулиекөл ауданы мәслихатының хатшысы Дәулет Қойшыбай өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткілікті көлемде жиналғанын мәлімдеді. Енді баспана салуға құрылыс материалдары керек, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде гуманитарлық жүк түсірілетін пунктте қажетті азық-түліктің әрбір түрі бойынша 500 тонна тауар жиналды. Соның ішінде ұн, күнбағыс майы, консерв және тағы басқа өнімдер бар. Жеке гигиена заттары мен киім-кешек көп жиналды. Жалпы, ауданға 300-ден астам көлік келіп, гуманитарлық көмек түсіріп кетті.
"Бүгінде барлық қажетті нәрсе жеткілікті. Меніңше, зардап шеккендерге толығымен жетеді. Сондықтан біз азық-түлік бойынша гуманитарлық көмекті қабылдауды тоқтатуға шешім қабылдадық. Барлық қазақстандыққа, кәсіпкерлерге, меценаттарға, қарапайым халыққа мың алғыс! Әулиекөл ауданы оны ешқашан ұмытпайды. Қазір зардап шеккендерге үй салуға кірістік. Бізге құрылыс материалдары керек", - дейді Қойшыбай.
Оның айтуынша, Павлодар бірден екі фура құрылыс материалын жіберген. Кәсіпкерлер есік, ленолиум және тағы басқа қажетті заттар салып жіберіпті. Ал шалғай жатқандар ақшалай көмек жолдап жатыр. Осы орайда мәслихат хатшысы қаржылай көмекті бірыңғай есепшотқа жіберуді сұрады.
"Бізде бірыңғай есепшот бар. Қазір неше түрлі қор мен көмекті ұйымдастырып жатыр. Өзіңіз көмектесемін десеңіз, келіп, зардап шеккен адамдарға қолма-қол берсеңіз болады. Бірақ бірыңғай қор мен есепшот бар. Соның есебінен үй де салынады, көмек те беріледі", - деп атап өтті Қойшыбай.
Көмекті тұрмыстық техника және жиһазбен беруге болады. Себебі үйлердің құрылысы аяқталғаннан кейін ішін жабдықтау қажет.
Айта кетері, Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша арнайы қор ашылған болатын. Реквизиттері:
"Қайырымдылық KZ" ҚҚ
БИН 220640046689
ИИК KZ82601 A22100 1568 401
Қазақстан Халық Банкі" АҚ БИК HSBKKZKX
Кбе 18.