НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Президент соңғы жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырды. Ал ішкі істер министрлігі іле-шала заңға енгізілетін өзгерістерді жариялады. Оған сәйкес, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске бірқатар түзету енгізіліп, үйде жанжал шығаратындардың жазасы біршама күшейтіледі.
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген танымал құқыққорғаушылар министрлік ұсынған өзгерістермен не себепті келіспейтінін айтты.
Министрлік қылмыс санын көбейткісі келмей ме
Ішкі істер министрлігі әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегіy белгілеуді ұсынып отыр. Мәселен, үйде жанжал шығарғандар, кем дегенде, 5 тәулікке қамалады. Ал осы тәртіпбұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 25 тәулікке жауып тастайды.
Бұдан бөлек, полицияға арыз-шағымсыз әкімшілік хаттама рәсімдеуге рұқсат беріледі. Сотта татуласу рәсіміне қойылатын талаптар күшейтіледі. Министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша ескерту жасау шарасын мүлдем алып тастауға мүдделі. Оның орнына басбұзарларды бірден қоғамдық жұмыстарға салады. Олар көше тазалайды, жол салады және абаттандыру жұмыстарына тартылады.
Танымал адвокат Айман Омарованың ойынша, министрлік ұсынған өзгерістер қазіргі проблеманы шеше алмайды. Жеңіл жазамен тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату мүмкін емес.
"Кез келген зорлық-зомбылықты қылмыстық жазаға қосу қажет. Бірақ министр олай істегісі келмейді. Неге? Себебі қылмыс статистикасы бірден көтеріліп кетеді. Демек, сотталған адамдар да көп болады. Қылмыстық істердің статистикасы бұзылмасын деп отыр. Бірақ соның салдарынан аса ауыр қылмыстардың саны көбейді. Мысалы, әйелін ұрған еркек 5-25 тәулікке қамалатынын біледі, түзеу жұмыстарынан да қорықпайды. Ондай адамды тоқтата алмайсыз, ол әйелін мүгедек қылады, я болмаса, өлтіріп тастайды. Ал кейбір әйел күйеуінің қорлығына шыдай алмай, өз-өзіне қол салады", - деді Омарова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
"НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі да түзеу жұмыстары басбұзарларды тоқтата алмайтынына сенімді. Өйткені заң бойынша жұмыс істейтін адамды қоғамдық жұмыстарға тартуға болмайды.
"Түзеу жұмыстарына мемлекеттік қызметте, мәселен, прокуратура мен полицияда істейтін агрессорларды тарта алмайды. Оған ішетіндерді немесе жұмыс істемейтіндерді тартады. Себебі бізде заң бойынша ресми түрде жұмыс істейтін адамды қоғамдық жұмыстарға тартуға болмайды. Ол жұмысынан анықтама алып келеді, болды, сөйтіп, қоғамдық жұмыстан босатылады. Ішкі істер министрлігі бұл норманы білмейді емес, біледі. Олай болса, негізгі жұмыс қоғамдық жұмыстарды алмастыра алмайтындай түзетуді де енгізу керек", - деп атап көрсетті Таңсәрі.
Әйелін немесе күйеуін өлтіргендер көбейеді
Заңгер Айман Омарова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты тағы бір маңызды мәселені көтерді. Бүгінде кейбір әйел басбұзар күйеуінен қорғанамын деп, оны абайсызда өлтіріп алады. Қылмыстық кодексте бұл әрекетті "қажетті қорғаныс шегінен шығу" деп атайды. Осылайша, тұрмыстық жанжал кезінде еркек әйелін мүгедек қылмаса да, өзі жұбайының қолынан мерт болуы әбден мүмкін. Сонда, керісінше, әйелді аса ауыр қылмыс үшін жауапқа тартады. Қазіргі кезде ондай оқиғалар аз емес.
"Мен кеше ғана Жауғашты түрмесінде болдым. Ол жаққа Баян Шенганованың ісі бойынша бардым. Биыл ақпан айында оны күйеуін өлтіріп тастағаны үшін 8 жылға соттап жіберді. Мен онымен кездескенде денесін көрдім, қайтыс болған күйеуі пышақпен тіліп тастапты. Ұрмаған күні жоқ дейді. Бес баласы бар. Біреуін емізіп жүрген. Үлкен ұлын бірінші күйеуінен туған екен. Екінші күйеуі ол баланы ұрып, қыста суыққа тыр жалаңаш шығарып қояды екен. Әйелін тұншықтырған, пышақтаған. Ақыры өзі ұстаған пышақтан қайтыс болды", - дейді Омарова.
Ер адам үйде емес, ауруханада көз жұмды. Заңгердің айтуынша, осының өзі күйеуінен қорлық көрген әйелдің оны әдейі өлтірмегенін көрсетіп отыр. Бірақ сот оны 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Қазір бес баласының төртеу туыстарда, кішкентайды балалар үйіне тапсырып қойды. Оған қоса, судья әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін де көтерген. Ал балалар қарсы.
"Енді қараңыз, күйеуін уақытында қамауға алып, бірнеше жылға түрмеге қамаса ғой, жағдай басқаша болар еді. Ондай істер аз емес. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықты үшін қылмыстық жауапкершілік енгізбесек, ертең одан да ауыр және аса ауыр қылмыстарды көбейеді. Бізде әйелді өлтірген немесе күйеуін өлтірген адамдар түрмеге көптеп қамалады", - деп атап көрсетті Омарова.
Ал Дина Таңсәрі Таразда болған бір оқиғаны еске алды. Қала тұрғыны әйелін тұншықтырып, бірнеше рет пышақ сұққан. Соққының көп болғаны сонша, пышақ сынып кетті. Ол әйел шыдай алмай, күйеуін өлтіріп тастапты.
"Олардың ажырасқанына 10 жыл болған. Содан бері бұрынғы әйелін аңдып, қыр соңынан қалмады. Талай рет ұрған, әйелдің жағы, қабырғасы сынған, сау жері қалмады. Байғұс өмірде қорлықтан басқа ештеңе көрмеді ғой. Енді, қалған өмірін түрмеде өткізеді. Неге? Өйткені полиция ештеңе істемеген", - деді Таңсәрі.
Мүгедек қылса ғана түрмеге отырғызады
Қылмыстық кодексте денсаулыққа жеңіл, орташа және ауыр зиян келтіру баптары бар. Заң бойынша миы шайқалған және аяқ-қолы сынған адам ауруханада үш апта жатып шықпаса, дене жарақаты жеңіл санатқа жатқызылады.
"Бірақ бізде әйелдер ауруханаға жатпайды ғой. Аяқ-қолы сынса да, бармайды, өйткені қолында баласы бар, үйдің шаруасы қалып қояды. Олар ауруханаға бір рет барады да, қайтып келіп, үйде емделіп, жүре береді. Соттар оны бірде-бір рет ескерген жоқ. Бәрі қылмыстық істі, яғни, орташа немесе ауыр жарақаттың болғанын күтеді. Орташа жарақат болса, бәрібір бас бостандығын шектей салады. Сонда әйелін мүгедек қылған адамды ғана түрмеге отырғызады", - дейді "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі.
Қор мамандары министрліктің арыз-шағымсыз іс қозғауға қатысты ұсынысын қолдап отыр. Сотта татуласуды да алып тастау қажет. Бірақ қамауға алу жазасын барынша күшейту керек.
"Үйде жанжал шығарғандар, кем дегенде, 5 тәулікке қамалады дейді. Одан кейін 25 тәулікке жауып тастайды екен. Ал үшінші рет қайталанса, не болады? Министрлік оны жазбаған. Үшінші рет өліммен аяқталуы мүмкін ғой. Сондықтан басында бірден 20-25 тәулікке, ал екінші рет қайталанса, бір жылдан жоғары жаза беру керек. Сонда олар түрмеге бір жылға қамалатынын біледі, әйеліне қол көтеруге қорқады. Ондай тәжірибе шетелде бар", - деп атап көрсетті Таңсәрі.
Адвокат Айман Омарованың айтуынша, әйелдердің заң жағынан сауатын да ашу керек. Өйткені көбісі қайда барарын, тіпті, кімнен көмек сұрайтынын білмейді. Баласыз және баспанасыз қаламын деп қорқады.
"Ақшам жоқ, үйім жоқ, жұмысым жоқ дейді. Сондықтан қыздарды күйеуге шығуға емес, алдымен кәсіпке үйрету керек. Бұрын мектепте 9-сыныптан кейін тігіншіге немесе шаштаразға үйретуші еді ғой. Дәл солай кәсіпке үйреткен дұрыс. Ертең оқуға түспесе де, далада қалмайды, табыс таба алады. Осылайша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзімен ғана емес, оның себептерімен де күресу керек", - деді Омарова.