НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Жұмысынан айырылғаны үшін төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері табыстың 45%-іне дейін артады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет отырысында президенттің 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы таныстырылды. Құжатта "Ел болашағына арналған стратегиялық инвестициялар" бағыты бойынша 37 іс-шара көзделген.
"Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айрылған кездегі әлеуметтік төлемдердің мөлшері орташа айлық табыстың 45 процентіне дейін ұлғайтылады", - деді Қуантыров.
Сондай-ақ 61 жасты белгілей отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін арттыруға мораторий енгізу көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданады. Бұдан бөлек, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты төлемдердің мерзімі бір жарым жасқа дейін ұлғайтылады.
Сонымен қатар апатты және үш ауысымды мектептердің проблемаларын шешу үшін "Жайлы мектеп" жаңа ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың оқушы орнына арналған мектептер салынады.
Денсаулық сақтау саласында ауыл халқының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы әзірленуде. Бұдан басқа, медициналық инфрақұрылымды, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы кешенді жақсарту жөніндегі шаралар әзірленеді.