НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық банк AHMET BAITURSYNULY. 150 JYL және TALǴAT BIGELDINOV. 100 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарады. Монеталар "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" сериясын жалғастырады.
Монеталардың сатылымға түсетін күніне қатысты ақпарат банктің ресми сайтында қосымша жарияланады.
"Ахмет Байтұрсынұлы" монеталары
2022 жылы 5 қыркүйекте қазақ ағартушысы, қоғам қайраткері, ғалым, лингвист және түркітанушы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл болды.
Монетаның бет жағындағы Елтаңба бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Монетаның төменгі бөлігінде номиналын білдіретін жазу бар: күмістен жасалған монетада – 500 TEŃGE, мельхиор қоспасынан жасалған монетада – 100 TEŃGE. Сол жағында монета жасалған металды және оның сынамасын білдіретін Ag 925 деген жазу, оң жағында массаны білдіретін 24 g деген жазу орналасқан.
Монетаның сырт жағында Ахмет Байтұрсынұлының плакаттық графика стилінде орындалған портреттік бейнесі бар. Портреттің оң жағында кітаптың стильдендірілген кескін жақтауында 150 JYL және Ahmet Baıtursynuly жазулары бар. Жоғарғы бөлігінде ҚҰБ логотипі мен соғылған жылы – 2022 бейнеленген. Төменгі бөлігінде – қылқалам бейнесі, Ахмет Байтұрсыновтың өмір сүрген жылдары, төменгі бөлігінде қылқалам бейнесінің астында Bilim álemdi qutqarady жазуы жазылған.
Күміс монетаның массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы – "proof", номиналы – 500 теңгелік, дайындау таралымы – 2 000 дана.
Талғат Бигелдинов монетасы
Биыл 5 тамызда Кеңес одағының ұшқыш-шабуылшысы, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің туғанына 100 жыл толды.
Монетаның бет жағындағы орталық бөлігінде Елтаңба бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Төменгі жағында – монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE, жиегін айналдыра – QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу берілген.
Талғат Бигелдинов монетасы
© Photo : Пресс-служба Нацбанка РК
Монетаның сырт жағында (реверсінде) Ұлы Отан соғысының аяқталу уақытына байланысты Талғат Бигелдиновтің портреттік бейнесі орналасқан. Портреттің сол жағында – шабуылдаушы ұшақтар мен 100 JYL жазуы бар. Портрет бейнесінің астында Талғат Бигелдиновтің туған жылы және монетаның соғылған жылы, сондай-ақ TALǴAT BIGELDINOV жазуы бар. Барлық жазу жұлдыздармен бөлінген.
МН 25 мельхиор қоспасынан тұратын коллекциялық монеталардың массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – "brilliant uncirculated", номиналы – 100 теңгелік, таралымы – 15 000 дана.