НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккен тұрғындарға ақшалай көмек көрсетіледі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, өрттен зардап шеккендерге түрлі көздерден көмек көрсетіледі.
"Әртүрлі көздер бар, соның ішінде қайырымдылық қорлары. Ал тікелей зардап шеккендерге ақша бөлуге қатысты тоқталсам, бұл мәселеге қатысты әлі шешім қабылданады. Бұған қоса шығынды есептегеннен кейін тікелей резервтен ақша бөлу жоспарланып отыр", - деді Қуантыров үкімет кулуарында.
Өткен демалыста Қостанай облысында орманнан өрт шықты. Алдын ала мәліметке сәйкес, өңірде 43 мың гектар жер жанып кеткен. Бірнеше ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. 91 үй өртеніп кетті.
Жақын арада жергілікті орман шаруашылығы басқармасы өрттің салдарын есептеуге кіріседі.