Экономика

Қазақстанда бір жылда картоп импорты экспорттан 4,7 есе асып түсті

Биылғы жылы экспортқа 8,2 мың, ал импорт 38,1 мың тоннаны құрады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. 2021 жылы картоп өнімінің артуына қарамастан, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында картоп импорты экспорттан 4,7 есе асып түсті.
Energyprom.kz хабарлағандай, бұрын экспорт әркез импорттан асып түсетін. Мысалы, 2021 жылы экспорт балама кезеңде 52,4 мың тонна импортқа қарсы 71,4 мың тоннаны құрады (айырмашылық 36,3%), 2020 жылы ол 19,7 мың тонна импортқа қарсы 151,8 мың тоннаға жетті (айырмашылық – 7,7 есе).
2022 жылы картоп егіс көлемі алдын ала мәліметтер бойынша, 198,9 мың гектарды құрады, бұл былтырғыдан 1,9%-ке артық. Ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында байқалды: 31,5 мың га, былтырғыдан 1,2%-ке аз. Үздік үштікке сондай-ақ Алматы (26,1 мың га, 35,8%-ке аз) және Павлодар (24,9 мың га, 22,4%-ке көп) облыстары кірді.

Баға қандай

Биылғы жылдың шілде айында Қазақстанда бір килограмм картоптың өзіндік құны орта есеппен 182 теңгені құрады, бұл былтырғыдан 4,2%-ке қымбат.
Бағаның өсуі бәрінен бұрын Атырау облысында тіркелді: бірден 43%-ке қымбаттады. Одан кейін Маңғыстау (21,6%) және Қостанай (20%) облыстарында қымбаттады.
Еліміздің 17 өңірінің 8-інде картоп бағасы арзандаған. Өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда бағаның айтарлықтай төмендеуі Шығыс Қазақстан облысында тіркелді: 13,9%.
Қазақстанның ірі қалалары арасында бір килограмм картоптың ең жоғары құны Ақтауда (255 теңге), Атырауда (224 теңге) және астанада (204 теңге), ең төменгісі Қарағандыда (137 теңге) тіркелді.
Картопты ең көп тұтынатындар Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының тұрғындары екені анықталды. Бұл өңірлерде жан басына шаққанда сәйкесінше 13,9 килограмм, 13,3 килограмм және 13,2 килограмм картоп тұтынылған. Ең төменгі тұтыну деңгейі Шымкентте тіркелді. Бір тоқсанда жан басына шаққанда небәрі 9 кг картоп тұтынылған.
Жалпы 2022 жылы картоптың орташа тұтынуы жан басына шаққанда 11,4 килограмм болды, бұл былтырғыдан 1,3% аз.

Картоп түсімі

2021 жылы картоптың жалпы түсімі 4 млн тоннаны құрады. Өңірлер бойынша картоптың көп бөлігі Алматы (789,8 мың тонна), Павлодар (581,7 мың тонна) және Солтүстік Қазақстан (551,4 мың тонна) облыстарында жиналды.
Мақалада жазылғандай, Қазақстан диқандары тамыз айының басында картоптың ерте пісетін өнімін егіс алқаптарынан жинай бастады. Ал жаппай астық жинау қыркүйектің алғашқы күндерінде басталды.
Қазақстанда алдағы картоп өнімі өткен жылғыдан асып түсуі мүмкін. Ішкі нарыққа қажетті 2 миллион тоннаның 300 мың тоннаға жуығы артық болмақ және оны толығымен экспортқа шығару көзделіп отыр. Ал шаруалар бір килограмм картопты қоймадан 80 теңгеден сата алады.