НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Шымкентте мектеп қызметкері білім ошағына тиесілі ноутбуктер мен компьютерлерді сатып жіберген, деп хабарлайды Астана тв.
Құмар ойынға салынған 28 жастағы жігіт 150 ноутбук пен 8 компьютерді ломбардқа арзан бағада өткізіп, олжасын букмекерлік кеңселерге салып келіпті. Іс Әл-Фараби аудандық соты қарады.
Сот төрағасының мәліметінше, қылмыс биыл қаңтар айынан басталып, мамырға дейін жалғасқан. Ол мектептің мүлкін шетінен жасырын алып шығып отырған. Жалпы сомасы 35 млн теңгеден астам материалдық шығын келген.
"Жайынбаев Қылмыстық кодексінің189 баптың 4-ші бөлігі 2-ші тармағымен кінәлі деп танылды. Яғни сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру деген бап бойынша кінәсін толық мойындады. Шын ниетпен өкінді. Алайда келтірген шығынды қайтарған жоқ. Сол себептен осының бәрін ескере келе сот оған осы баппен 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - дейді Әл-Фараби аудандық сот төрағасы Еркебұлан Төлешов.
Мектепке пандемия кезінде 400-ден астам ноутбук алынған екен.
Соттың дерегінше, сотталған мектепке жұмыспен қамту бағларламасы арқылы жұмысқа орналасқан. Жабдықтау жөніндегі инженер болып жұмысқа қабылданған. Лицей директоры осыншама компьютердің қолды болғанын оқу жылының соңында мектеп мүлкін түгендеу кезінде анықтаған.