НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов жанар-жағармай бағасына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер министрден жыл соңына дейін жанар-жағармай бағасы қалай өзгеруі мүмкін екенін сұрады.
"Бағаның қандай болатыны нарыққа байланысты. Бірақ баға қатты өседі деген болжам да, жоспар да жоқ. Ал келесі жылы қандай болатынын жағдайға қарай көреміз", - деп жауап берді Ақшолақов.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары көрші елдермен жанар-жағармай бойынша баға айырмашылығы әжептәуір өскен. Мәселен, екі жыл бұрын Ресеймен баға айырмашылығы 60-80 теңге болса, Қырғызстанмен бірдей баға болатын. Ал қазір айырмашылық екі есе көп.
"Мысалы 2020 жылы тамыз айында нарыққа 424 мың тонна жеткізілді. Бұл көлем бәріне жетті, тапшылық туындаған жоқ, шаруалардың да сұранысын қанағаттандырдық. Ал биыл тамызда нарыққа 517 мың тонна жібердік. Яғни жүз мыңға артық. Сонда да жанар жағармай бекеттерінде отын тапшылығы болды. Көбісі экспортпен байланысты. Транзиттік көлік көп өтеді. Сонда да бізде ішкі нарықты қамтамасыз етуге отын жеткілікті", - деп сендірді министр.