Тоқаев түркітанушылардың халықаралық конгресіне қатысады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және Жаңа Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің алғы сөзінде үкімет жыл соңына дейін "Ахмет Байтұрсынұлы" төсбелгісін дайындап, мерейтойлық маркалар мен монеталарды жасап, айналымға енгізетінін атап өтті.
Ахмет Байтұрсынов атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру ғылым саласы үшін тағы бір маңызды мәселе болмақ.
"ЮНЕСКО шеңберінде халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтеді. Келесі екі айда Парижде және Ыстанбұлда конференция өткіземіз. Анкара қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші қойылады. Сондай-ақ, Түркістан қаласында ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ аясында мемлекет басшысының қатысуымен түркітанушылардың халықаралық конгресі өтеді. Ұлт ұстазының ғылыми шығармаларын халықаралық деңгейде дәріптеу мақсатында таңдамалық еңбектері орыс, ағылшын, түрік тілдеріне аударылады", – деді Саясат Нұрбек.
Ұлт руханиятының бастауында тұрған Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда "Қазақ" газетін шығарып, оның редакторы болғаны белгілі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, "Егемен Қазақстанның" 100 жылдығында Орынборда осы газет шығарылған үйге мемориалдық тақта орнатылған. Ол келесі жылы "Қазақ" газетіне 110 жыл толатынын атап өтті.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың ақпараты бойынша ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылған 12 томдық толық шығармалар жинағы, сондай-ақ ағартушы мен саяси қайраткердің өмірі мен қызметі туралы толық метражды көркем фильм түсірілді.