НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Қостанай облысында өрт шыққан аймақтарда тегін ұялы байланыс іске қосылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Kcell/Activ, Beeline мен Altel/Теле2 операторлары тұрғындарға тегін ұялы байланыс трафиктерін жолдады. Осылайша, өңір тұрғындары жақындарымен ақысыз сөйлесе алады.
"Бұдан бөлек, өртті сөндіруге жұмылдырылған шұғыл қызметтердің жұмысын қолдау барысында Tele2/Altel операторы ТЖМ қызметкерлерін байланыспен қамтамасыз ету мақсатында арнайы мобильді базалық станция орналастырды", - делінген ресми хабарламада.
Ал Қазақтелеком таратқан мәліметке сәйкес, Әулиекөл ауданының тұрғындары жыл соңына дейін абоненттік төлемнен босатылды. Бұдан бөлек, тілсіз жаудан зардап шеккен үш ауыл – Озерное, Лесное мен Аманқарағай тұрғындарының телекоммуникация қызметі үшін барлық берешегі мен өсімпұлы кешіріледі.
"Өрт салдарынан зақымданған барлық клиенттік жабдық есептен шығарылады және қажет болған жағдайда компанияның есебінен осы елді мекендердің абоненттеріне өтеусіз ауыстырылады. Аманқарағай және Озерное ауылында өрт салдарынан тұрғын үйлердің жанында орналасқан 50-ге жуық байланыс желісінің тіректері жанып кеткен, жалын 3 км-ге жуық сыйымдылығы әртүрлі кабельдерді жарамсыз еткен", - дейді компания мамандары.
Қазіргі кезде олар өрттің толығымен өшірілгенін күтіп отыр. Содан кейін жөндеу жұмыстары басталады.