НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Торғай жеріне тағы баратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақорданың Telegram каналына сілтеме жасап.
Бүгін Қостанай облысына жасаған сапары барысында мемлекет басшысы Әулиекөл ауылындағы гуманитарлық көмек тарату пунктіне барып, зардап шеккен азаматтармен және еріктілермен кездесті. Сол жерде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын тойлауға келетінін айтты.
Тоқаевтың айтуынша, алдымен алапат өрттен зардап шеккен азаматтардың мәселесін шешу керек. Содан кейін той тойлауға болады.
"Расында, бұл – үлкен шаруа. Зардап шеккен азаматтардың бәрі үш айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен, осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз", - деді Тоқаев.