НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай 12 томдық шығармалар жинағы шығарылады. Бұдан бөлек, ұлт ұстазы туралы толықметражды көркем фильм түсіріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Биыл ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы, төл әліпбиіміздің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Торғай жерінде бірқатар мерекелік шара жоспарланған. Бірақ облыстағы алапат өрттің салдарынан кейінге шегеруге тура келді.
"Мерейтой аясында бірқатар маңызды ғылыми-зерттеу, мәдени және қоғамдық іс-шара ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық еңбектер жинағын басып шығару және оны еліміздің кітапханаларына тарату жоспарланған. Сондай-ақ мерейтой аясында ұлы ағартушының өмірі мен қызметі туралы толықметражды көркем фильм түсіру жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.
Айта кетері, жыл басынан бері Ахмет Байтұрсынұлының есімі республикамыздағы 1 ауылға, 200-ден астам көшеге және 39 мектепке, 1 әуежайға, 1 музейге берілген. Сондай-ақ шетелде іс-шаралар жоспарланған. 2021 жылы ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында қазақ педагогының мерейтойлық күнін осы ұйымның атаулы күндерінің халықаралық күнтізбесіне енгізу туралы шешім қабылданған.
Сонымен қатар бүгін елордадағы Жазушылар аллеясында "Алаш қайраткерлері" ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.