НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ұлттық қордың инвестициялық табысынан ақша қай жылда туған балаларға аударылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жолдауында ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 процентін балалардың шотына аударуды ұсынды. Бұл бастама 2024 жылдан бастап қолға алынады.
Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады. Оны 18 жасқа дейін алуға тыйым салынады. Ал кәмелет жасқа толған соң, баспана немесе білім алу үшін жұмсауға рұқсат беріледі.
"Бұл жүйе 2024-тен бастап енгізіледі. 18 жасқа толмаған барлық бала қамтылады. Жаңа туған балалар ғана емес, барлық балаға аударылады", - деді Қуантыров журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, алдағы екі айда есеп-қисап жасалады. Соның негізінде нақты ұсыныстар әзірленеді. Инвестициялық табыстың бір бөлігін балалардың шотына аудару тәртібі де дайындалады.
"Ұлттық қордың өзі азайып қалмайды. Ал инвестициялық табыс бір жылда көп, бір жылда аз болуы мүмкін. Соның барлығы шетелдік нарықтарға байланысты болады. Себебі ұлттық қордың ақшасы сол нарықтарға салынады. Осылайша, табыстың бір бөлігі балалардың есепшотына түседі. Бірақ оны бірден пайдалануға болмайды. Ол ақша да жай жатпайды, инвестиция ретінде көбейтеді. Ал 18 жастан кейін баспана алуға немесе білімге жұмсауға болады", - деп атап көрсетті Қуантыров.
Бас экономист балалардың шотына түсетін ақшаға үй алуға болады деп санайды.
"Үй бағасы әр жерде әртүрлі ғой, ауыл бар, қала бар. Бірақ кейбір ауылдардан үй алуға жетеді. Мысалы, ауылдағы үй 1,5-2 миллион тұрса, алуға болады. Ипотека алу үшін алғашқы жарна ретінде пайдалануға мүмкіндік беріледі. Соған жететін шығар", - деп атап көрсетті Қуантыров.