НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек - Sputnik. Қостанайда өртеніп кеткен қару-жарақ дүкенінде ер адам көз жұмды.
Марқұмның жеке басы әлі анықталған жоқ. Оның денесі өртенген ғимараттың жертөлесінен шығарылды, деп хабарлады Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, алты адам түрлі дәрежедегі күйікпен ауруханаға жеткізілді, тағы біреуі ауруханаға жатудан бас тартты, деп хабарлайды аймақтық Наша газета.телеграм арнасы.
"Төрт жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді, тағы екеуі орнында. Көрші үйлердің тұрғындарына да көмек көрсетілді. Олар оқиға орнындағы бригада мамандарының көмегіне жүгінді", - деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Өрт ауыздықталды, бірақ әлі сөндірілмеген. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Бүгін Қостанайда қару-жарақ дүкенінен ірі өрт шыққан болатын.
Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Өртті сөндіруге жеке құрамның 75 маманы мен 27 техника жұмылдырылған. Өрт 8 жеке тұрғын үйге жетіп, үйдің жанында тұрған екі көлікке зақым келді.