Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшісінен сенім грамотасын қабылдады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшісінен сенім грамотасын қабылдады .
Ақорда резиденциясында 5 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшісінің Қазақстан президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Мемлекет басшысына Ливия елшісі Аладдин Абдулсалам Лехуайк, Кувейт елшісі Омар Ахмед Мұхаммед Мурад Әл-Кандари, Словакия елшісі Роберт Кирнаг, Алжир елшісі Камал Фениш және Кения елшісі Бенсон Генри Оума Огуту сенім грамотасын табыс етті.
"Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттармен әңгімелесу кезінде оларды еліміздегі дипломатиялық миссиясының ресми басталуымен құттықтап, Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді", - делінген Ақорданың хабарламасында.
Мемлекет басшысы Қазақстан достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған бейбіт және ашық сыртқы саясат жүргізіп жатқанын атап өтті.
Іс-шара соңында президент түрлі бағыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруда мүмкіндіктердің бар екенін айтып, елшілерге елімізде игі міндеттерін орындауда Қазақстан үкіметінің қолдау көрсететінін жеткізді.