НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтанда кішкентай қызды ұрып өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.
Үкімді шілде айында алқабилердің қатысуымен елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарды.
Сотта ер адамның ішімдік ішіп, бірге тұратын әйелдің 5 жасар қызын ұрып-соққаны анықталды. Салдарынан бала есін жимастан көз жұмды.
"Алқабилер алқасы толық құрамда өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға дауыс берді", - делінген хабарламада.
Ер адам өзінің кінәсіз екенін алға тартып, апелляциялық шағымда үкімнің күшін жоюды сұраған.
Алайда сот алқасының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды.