НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Ақтау қаласында мас жүргізуші алты көлікті соғып кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода көлік жүргізушісінің аулада тұрған автомобильге соғылғаны анық көрініп тұр. Сол жерде жүрген бір адам оны тоқтатқысы келген. Бірақ тәртіп бұзушы қашып кетті. Ал жолға шыққанда тағы бірнеше көлікпен соқтығысқан. Сол жерде оны қала тұрғындары ұстап алды.
Ресми мәліметке сәйкес, видеодағы оқиға 1 қыркүйек күні түнгі сағат 01:30-дың шамасында болған. Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі рөлге мас күйінде отырып, Toyota Prado, Nissan Tiida мен Kia Optima-ны, одан кейін жолдың жиегінде тұрған Honda Odyssey-ді соққан. Сонда да тоқтаған жоқ.
Артынша Toyota Land Cruiser-ді соғып, инерциямен Toyota Camry автокөлігін қаққан. Зардап шеккендер жоқ.
Жас жігітте жүргізуші куәлігі де болмады. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама рәсімделді. Ол соттың шешімімен 20 тәулікке қамауға алынды.