НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде қазақ және орыс тілдерін оқытуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс", - деді мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында.
Ол білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ қана болашаққа сеніммен қадам басатынын атап өтті.
Сондай-ақ президент жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескеріп, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейтуді тапсырды.
Еске салсақ, биыл жаңа оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары үш тілді қатар оқымайды.
Қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысы тек қазақ тілін үйренеді де, екінші сыныпта орыс тілі енгізіледі. Ал орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілі қатар оқытылады. Ағылшын тілі тек 3-сыныптан бастап оқытылады.