НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Жоғары оқу орындарында білім алуға 2-3%-тік жеңілдетілген несие беріледі. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі.
"Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Ол бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түсетінін атап өтті.
Сондай-ақ мемлекет басшысы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Президенттің пікірінше, жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек.
"Барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн", - деді ол.
Бұған қоса, Тоқаев әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санатқа жататын студенттер үшін пәтер жалдауға кететін шығынды субсидиялау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.