Нұр-Сұлтан мен Сарыағашта перинаталдық орталық салынады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 31 тамыз – Sputnik. Қазіргі уақытта әкімдіктер бюджет қаражаты есебінен Нұр-Сұлтан қаласында және Түркістан облысының Сарыағаш қаласында салынатын 2 перинаталдық орталықтың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп жатыр.
Елордадағы перинаталдық орталық 250 төсекке, Сарыағаштағы 240 төсекке шақталған, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Сондай-ақ Алматы облысының әкімдігі мен Катар Даму қоры арасында жасалған меморандум аясында Алматы облысының Іле аудандық орталық ауруханасы жанынан перзентхана (125 төсек) салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
"Бірінші кезекте жобаларды перинаталдық орталықтары жоқ және перзентханалары 1960-1980 жылдары салынған ескі ғимараттарда орналасқан Атырау, Орал, Қостанай, Шымкент, Жезқазған, Қызылорда, Қонаев қалаларында іске асыру жоспарлануда", - делінген хабарламада.
Бұл ретте көпбейінді ауруханалар құрамында перинаталдық орталық корпусын салуға "үлгілік" жоба әзірлеу көзделіп отыр, бұл қаржы шығындарын оңтайландыруға, сондай-ақ объектілерді жобалау, салу және пайдалану кезінде бірыңғай халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.
Стационарлық көмек көрсетудегі қазіргі заманғы үрдістерді ескере отырып, бұл жобалар көпбейінді ауруханалардың жекелеген корпустары ретінде іске асырылмақ.