НҰР-СҰЛТАН, 31 тамыз – Sputnik. 2022 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша елімізде көлікке қатысты 3,4 мың қылмыс жасалған, бұл бір жыл бұрынғыдан 3,9% көп, деп хабарлады Ranking.kz.
Өңірлер бойынша көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Алматы облысында тіркелген: 403 оқиға, былтырғыдан 6,9% артық. Одан кейін Алматы (318 жағдай, 39,5% көп) және Түркістан облысы (284 жағдай, 2,5% көп).
Мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтардың ең азы жаңадан құрылған облыстарда – Ұлытауда (12 жағдай), Абайда (20 жағдай) және Жетісуда (26 оқиға) тіркелді.
Құқық бұзушылық санының ең көп өсімі Алматы қаласында, ең көп азаюы Шымкент қаласында (29,4%) байқалды.
Құқық бұзушылықтардың 64,7%-ы жүргізушілердің жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуына байланысты болды: 2,2 мың жағдай, былтырғыдан 10,2% көп.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтардың алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлікті басқаруы (868 жағдай, былтырғыдан 12,3% аз) және мас жүргізушілердің жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы (202 жағдай, былтырғыдан 31,2 % көп) секілді құқық бұзушылықтар жиілеген.