Шымкентте учаскелік полицей өрт зардабының алдын алды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз — Sputnik. Шымкентте учаскелік полиция инспекторы орталық көшелердің бірінде өрттің алдын алуға көмектесті, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
"Бүгін сағат 10:00-да Әл-Фараби АПБ-ның қызметкері Жасұлан Сатиев қызмет көрсетілетін аумақты аралап жүріп, Республика даңғылында орналасқан көпқабатты тұрғын үйге іргелес кафе мен тамақтану орталығының арасындағы өртті байқаған. Полицей бірден 101 және 102 арналарына хабарлап, өзі ғимараттың төбесіне шығып, өрт сөндірушілер келгенге дейін өз бетінше жалынды сөндіре бастаған", - деп хабарлады полиция.
Мұны көрген екінші қабаттың тұрғындары тәртіп сақшысына шелекпен су тасып, көмектесе бастаған.
Адам өліміне жол бермеу үшін тәртіп сақшысы тұрғындарға үй-жайдан кету қажеттігін ескерткен.
Өрт сөндірілді. Оқиға орнында анықтаушылар жұмыс істеп жатыр. Олар өрттің шығу себебін анықтайды.