Маңғыстауда Каспий итбалығын сақтау үшін үш мемлекеттік табиғи қорық құрылады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Маңғыстауда республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін құру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Экология министрлігі тиісті жұмыстарды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Динара Еңсеген айтты, деп хабарлады өңірлік "Лада" порталы.
"Эко Маңғыстау" үкіметтік емес мекемесі мамандарының айтуынша, теңіз қоқысын жинау жобасы аясында Түпқараған түбегінің батыс жағалауында табылған итбалықтардың өлекселері мен қалдықтарын зерттеу нәтижесі балық аулауға арналған торлар осы мақұлықтардың қырылуынаәкелетінін көрсетті.
"Жағалаудағы теңіз қоқыстары өте көп ауқымда анықталды: ені 50-ден 100 метрге дейінгі жолдың әр шақырымында орта есеппен 120 килограмм пластик бөтелкелер мен басқа да қатты тұрмыстық қалдықтар табылды", - деп хабарлады табиғатты қорғау ұйымының мамандары.
2022 жылы өңірде Түпқараған түбегінің солтүстік жағалауындағы иесіз қалған аулар мен қоқыстарды анықтау және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Маңғыстау шығанағының іргелес сулары да тазартылады. Сарапшылар итбалық аралдарын Каспий итбалығы мекендейтін орта ретінде қалпына келтіру және оның санын тұрақтандыру шараларының маңыздылығын атап өтті. Бұл жұмыстар "Каспий итбалығын сақтау" бағдарламасы аясында 2022 жылғы 1 қыркүйек пен 20 қыркүйек аралығында жүргізіледі.
Каспий теңізінің проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институтының Ақтау филиалының кешенді бағдарламасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінді.
"Астана" халықаралық ғылыми кешені Маңғыстау облысының экологиялық жағдайын жақсартудың 2026 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеп тапсырды. Бағдарламадағы 27 ғылыми-қолданбалы зерттеу жобасы жүзеге асыру үшін тиісті органдарға жолданды", - деді Динара Еңсеген.
Маманның айтуынша, 2021 жылы да Маңғыстау облысының экологиялық мәселелерін кешенді түрде шешуге арналған жол картасы әзірленген.
"Жол картасының 33-тармағында Кендірлі, Комсомольский және Прорва аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін құру көзделген. Осы іс-шараның қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар үш мемлекеттік табиғи қорық құру жоспарланып отыр. Қазір министрлік тиісті жұмыстардыжүргізіп жатыр", - деді Динара Еңсеген.