НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз – Sputnik. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің археологтары таңғажайып жаңалық ашты. Түркістан облысында олар Қаңлы дәуіріне жататын көне тас ғибадатхананы тапты. Бұған дейін мұндай нысандар Қазақстан аумағында табылмаған.
Археологтар тас ғибадатхана мен жүздеген көне жәдігерді Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қызылкөл көлінің маңынан тапты, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Әзірше мамандар тек жоғарғы секторларды ашты. Олар мұндай тас сәулет Оңтүстік Қазақстан аумағына тән болмағанын айтады. Мұнда ғибадатханаға арналған үлкен тастар алыстан жеткізілген.
Бұл жерден археологтар көне хош иістендіргіш заттарды, алтын мен күмісті балқытуға арналған отбақыр тапты. Бұл заттармен діни қызметкерлер жұмыс істеген деген болжам бар. Қазір мамандар табылған заттардағы белгілер мен сызбаларды мұқият зерттеп жатыр.
Тас ғибадатханадан алыс емес жерде археологтар екі жер асты мазар тапты. Екеуі де бұрын тоналғанмен, тарих үшін құнды дүниелер – 120 артефакт, негізінен тастан, сүйектен, шыныдан, маржаннан жасалған моншақтар сол күйі сақталған.
"Ең алдымен қоңырау табылды. Келесі олжалар да өте жақын жерден анықталды. Содан кейін моншақтар шоғыры, аздап ұсақталған бас сүйегі жатты", - дейді Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенті Екатерина Кесман.
Бірақ мамандар адам бейнесіндегі алқаны ең ерекше олжа деп санайды. Ол баланың кеудесіне ілулі тұрған тұмар болған.
"Тұмар ілінген жіптің бір бөлігі сақталып қалуы тіпті таңғаларлық жағдай. Біздің елдегі топырақ жағдайында бұл ерекше құбылыс. Өйткені мұнда ағаш та, шаш та, ештеңе де сақталмайды. Ол ішінара қоланың әсерінен тотығуға ұшырауының арқасында сақталып қалған", - деп түсіндірді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин.
Келесі жылы археологтар Қызылкөл көлінің маңында қазба жұмыстарын, соның ішінде табылған тас ғибадатхананы зерттеуді жалғастырады.
Олар бұл жер әлі талай тарихи жаңалыққа себеп болатынына сенімді.