НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз – Sputnik. Бұл жағдай 21 тамызда кешке таман болған. Бірнеше отбасы балаларымен "Золотое солнышко" базасында демалып отырған, деп жазды "Лада" порталы.
Бір мезетте 12 мен 13 жастағы екі қыз бала су жиегінде сапборд теппек болған. Алайда, аяқ астынан жел тұрып, қыздарды теңізге қарай ығыстыра бастаған. Қыздардың бірінің анасы су жағасына жүгіріп келіп, өзі жүзе алмайтындықтан, елден көмек сұраған.
"Біз жақын маңда отырсақ та, бастапқыда ештеңені түсінбедік. Ал мән-жайды аңғарған кезде қыздар мінген сапборд тым алыс кетіп қалды. Жел оларды жылдам жағалаудан алыс айдап әкетті. Дәл осы уақытта сапбордқа қарай бір ер адам жүзе жөнелді. Оның тым сенімді әрі нық жүзіп бара жатқанын бәріміз көріп тұрдық. Содан кейін ер адам қыздарға жетіп, сапбордты жетелеген күйі жағалауға қарай жүзді. Мұның барлығы санаулы минут ішінде болды. Әріптесім әбден үрейленген қыздарды құшақтап, жылап тұрды. Ал құтқарушы азамат қалай жылдам пайда болды, солай ұшты-күйлі жоқ боп кетті", - дейді оқиға куәгерлерінің бірі Ажар Айболатқызы.
Олар қыздарды құтқарған ер адамның есімі Александр екенін анықтаған. Алайда ол қандай да бір сыйақыдан бас тартқан.
"Осы күндері ол адам ойымнан шықпай қойды. Әр ерлік марапатталуы керек деп ойлаймын. Александр сыйақыдан бас тартып, кез келген ер адам осылай жасайтынын айтты. Бірақ оның өз өмірін қатерге тігіп, еш ойланбастан, қыздарды құтқаруға кіріскені жүрек елжіретеді", - деп жазды Ажар Айолатқызы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол әлеуметтік желіде жариялаған постында өңірлік төтернше жағдайлар департаментін белгілеген. Кейінірек ведомство өкілдері Ажармен байланысып, мән-жайды анықтап, Александр марапатқа ұсынылатынын жеткізген.