Отызға тарта оқу орнында студенттер жатақханамен 100 пайыз қамтылған

Отызға тарта оқу орнында студенттер жатақханамен 100 пайыз қамтылған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Ғылым және жоғар білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов 28 жоғары оқу орнында студенттер жатақханамен толық қамтамасыз етілгенін айтты.
"Бүгінде 28 жоғары оқу орнында студенттер 100 пайыз жатақханамен қамтылды деп айта аламыз. Өңірлер бойынша атап өтетін болсақ, олар – Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Ұлытау және Қызылорда облыстары", - деді Ешенқұлов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 89 мыңнан асады.
"Бұл ретте ең үлкен қажеттілік Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында туындап отыр. Атап айтқанда, Алматы қаласында 37 мыңнан астам орын қажет. Ал Нұр-Сұлтан қаласында 14,8 мыңнан астам орын жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін 30 жоғары оқу орны қонақ үйлермен және хостелдермен келісімшартқа отырып, бүгінде 16 800-ден астам орын дайындалды", - деп атап өтті Ешенқұлов.