НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің отставкаға өтініш беруіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
БАҚ өкілдері үкімет кулуарында Склярдан Шөкеевтің жұмысын қалай бағалайтынын сұрады.
"Өмірзақ Естайұлы тәжірибелі басшы, ұзақ уақыт бойы мемлекеттік қызметте түрлі құрылымдарды басқарды. Саясатта салмағы бар тұлға деп атауға болады. Оның қабылдаған шешімі – шешім өте дұрыс және заңды", - деді вице-премьер.
Ол мемлекеттік қызмет туралы заң бойынша қол астындағы қызметкердің кінәсі сотта дәлелденсе, оның тікелей басшысы отставкаға кету туралы өтініш беретінін еске салды.
"Отставканы қабылдап-қабылдамайтынын президент шешеді. Сол себепті оның өтініш беруі қисынды", - деді Скляр.
Кеше бірқатар БАҚ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің отставкаға кетуге өтініш бергенін хабарлады. Өңір басшысы отставкаға кету туралы өтінішті 24 тамызда жазған.
Бұған дейін сот үкімімен Кентау қаласының бұрынғы басшысы Дәурен Мақажанов жемқорлық үшін 10 жылға сотталған болатын. Сол жолы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді.