Алаяқтар азаматтарды арзан әуе билеттерін ұсыну арқылы алдап жатыр

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Алаяқтар қонақ үйлерді брондау және әуе билеттерін сату қызметінің атын жамылып, көптеген фишингтік парақша ашып, таратып жатыр, деп хабарлады "Лаборатория Касперского".
"Саяхатшыларды алдаудың тағы бір танымал әдісі – жалған лотерея және сыйлық карталарын "беретін" парақшалар құру. Ол парақшаларда қысқа сауалнамаға қатысып, билетті сатып алуға үлкен жеңілдік алу үшін жеке мәліметтеріңізді енгізуді сұрайды. Әдетте, мұндай парақшалар дербес деректер мен банк картасына қатысты ақпарат жинау үшін жасалады", - деп жазылған зертхана хабарламасында.
Сонымен қатар жалған брондау сервистері қолайлы әрі ыңғайлы қонақ үйлер туралы пікірге толы болуы ықтимал. Бұл желі пайдаланушыларын алдын ала төлемді тезірек жасауға ынталандырады. Бірақ ол баспана иесіне емес, алаяқтың шотына түседі.
Билет сату сервистерінде алаяқтар билет бағасы мен ұшу күндері туралы шынайы ақпаратты орналастырады. Сондықтан адамдар сайттың шынайы екеніне сеніп қалады, дейді сарапшылар.
"Егер қолданушылар мұндай парақшада билет сатып алса, оны ала алмайды. Ал алаяқтардың қолында ақша да, азаматтар туралы жеке ақпарат та қалады. Мысалы, олар азаматтар туралы жеке мәліметтерді заңсыз парақшалар арқылы сатып жіберуі мүмкін", - түсіндірді сарапшылар.
Мамандар тексерілген сайттарда ғана билет сатып алып, баспананы брондауға кеңес береді. Сол сияқты сайт атауын, әрбір әріп пен таңбаны мұқият қадағалап, жасанды сайт емес екеніне көз жеткізуге және белгісіз дереккөздерден алынған сілтемелерге жазылмауға кеңес береді.