Дәретханадан табылған нәрестенің жағдайы ауыр – дәрігерлер

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 тамыз – Sputnik. Алматыда полицейлер құтқарған нәрестенің жағдайы ауыр. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, нәрестені 25 тамызда таңғы сағат 06:53-те жедел медициналық жәрдем орталығына жеткізген.
"Сәбиді бірден жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөліміне жатқызды. Қазіргі кезде жағдай өте ауыр, нәрестеге суы тиген. Интенсивті терапия алып жатыр", - дейді дәрігерлер.
Ал 17 жастағы анасы түнге сағат 01:42-де 4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Оны гинеколог қарады. Зертханалық зерттеу де жасалды. Дәрігерлер қыздың 21-22 аптада түсік тастағанын анықтады.
"Ол гинекология бөліміне жатқызылды. Қазіргі кезде жағдайы орташ ауыр, тұрақты. Клиникалық хаттама бойынша барлық ем-домды алып жатыр", - деп атап көрсетті мамандар.
Естеріңізге сала кетейік, Алматылық полицейлер даладағы дәретхананың шұңқырынан жаңа туған нәрестені аман алып шыққан еді.
Полицияға кәмелетке толмаған қыздың түсік түнгі уақытта тастағаны туралы хабарлама түскен. Оны қаладағы ауруханалардың біріне жатқызған.
Сол Түрксіб ауданы бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор Нұржан Шатунов нәрестені іздеп, оқиға орнына барған. Соның арқасында шақалақ аман қалды.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция капитаны Нұржан Шатунов өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін майор шенін алды.
Ал баланы шұңқырдан алып шыққан лейтенант Ғазиз Хамасқалиевке үш жалақы мөлшерінде сыйақы беріледі.