НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін сүңгуірлер Ерасыл Төлеуғалидың денесін Жайық өзенінен тауып, судан шығарды.
18 жастағы жасөспірім жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен, деп хабарлады "Мой город" порталы.
Орал қаласының тұрғыны Жанат Хамидуллина ұлы Ерасылдың Ақжайық ауданындағы туыстарына шаруашылыққа көмектесу үшін кеткенін айтты. Ол Базаршолан елді мекеніне жақын жердегі Қыдырбайдың қыстауында болған.
"21 тамыз, жексенбі күні қорадағы шөп өртенді. Қайынаға ұлдары мен Ерасылға малды әрірек айдап әкетуді тапсырған. Жігіттер айтқанын бұлжытпай орындаған, содан кейін Ерасыл "үйге қайта беріңдер, біреумен сөйлесуім керек" деп жағада қалып қойған", - дейді Ерасылдың анасы.
Оның айтуынша, содан кейін ұлын ешкім көрмеген. Колледждің 3-курс студенті 25 тамызда қалаға оралуы керек еді. Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткеннен кейін полицейлер жігітті іздеген.