Қоғам

Алматы тұрғындарына жоқ пәтерді жалға берген алаяқ ұсталды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Алматыда тұрғындарға жоқ пәтерді жалға берген алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
48 жастағы ер адам 9 азаматты алдап үлгерген.
А. есімді азамат Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берген. Алаяқтық туралы шаһардың бірнеше тұрғыны полицияға хабарласқаннан кейін белгілі болды. Барлығының оқиғасы бірдей.
Пәтер жалдамақ болған олар танымал интернет-сервистен хабарландыру іздеген. Нарықтан төмен бағаны көріп, телефон соққан.

“Үй иесінің” бірден-бір шарты алдын ала төлем жасау немесе толық соманы төлеу болған. Клиент көптігін және пәтер бірінші болып ақша төлеген адамға берілетінін айтқан. Ақшаны алғаннан кейін бірден байланысқа шығуын тоқтатып, телефон нөмірін ауыстырған", – дейді Алматы қалалық полиция депратаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Күдікті қамауға алынды. Оған қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу барысында оның осыған ұқсас 9 эпизодқа қатысы бар екендігі анықталды.
Келтірілген шығынның жалпы сомасы 530 мың теңге болды.